«Интаго Казахстан» ЖШС «НИНТ» АЭА аумағында өндірісін іске қосты.
⠀
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев пен кәсіпорынның құрылтайшылары қатысты.
⠀
— Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында бұл жоба барлық кезеңде жан-жақты қолдау тапты. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімінің орынбасары М. Мұрзиев.
⠀
Кәсіпорын директоры Азамат Асылбековтің айтуынша, компания заманауи технологияларды пайдалана отырып, пластикті қайта өңдеп, қалдықсыз өнім шығарады.
⠀
— Алдымен пластик ұнтақталып, одан полиэфирлі геосинтетикалық материал алынады. Кейін жұқа талшық арнайы құрылғыға салынып, өңделеді. Ине-тескіш қондырғысының көмегімен алынған талшықтар біріктіріледі. Дайын материал су өткізбейді және оны жол құрылысы, теміржол, дренаж жүйелері мен ғимараттардың негізгі бөліктерінде қолданады, — деп түсіндірді «Интаго Қазақстан» ЖШС директоры А. Асылбеков.
⠀
Зауыт жылына 15 миллион м² өнім өндіре алады. Бұл бастама ішкі айналымдағы отандық өнімнің үлесін арттырып, импортты азайтуға мүмкіндік береді. Өнімге сұраныс өте жоғары — бүгіннің өзінде ресейлік серіктестермен 3 миллион м² өнімге экспорттық келісімшарт жасалды. Жалпы компания өндірілетін өнімнің 40%-ын экспортқа шығаруды, ал қалғанын ішкі нарық қажеттіліктерін өтеуге бағыттауды жоспарлап отыр.


