Олжас Бектенов «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) полипропилен өндіру зауытында болды. Интеграцияланған газ химиясы кешені – Теңіз кен орнынан шикізатты қайта өңдеу бойынша қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайтын еліміздегі алғашқы жоба. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 341,4 мың тонна түйіршікті полипропилен өндірілді.

Үкімет басшысына кәсіпорын 2022 жылы іске қосылған сәттен бастап Қазақстанда полипропилен құны тұрақты түрде – зауыт жұмысының бастапқы кезеңіндегі тоннасына 650 мың теңгеден қазіргі 450 мың теңгеге дейін төмендегені баяндалды. Бүгінгі таңда, Маркет Репорт мәліметіне сәйкес, бұл Ресеймен салыстырғанда ең төменгі сома, онда баға тоннасына $1 280 жетеді, Беларусьте – $1 295, Өзбекстанда – $1 090. Зауыттың негізгі міндеті – ішкі қажеттілікті қамту. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанның полипропилен нарығының құрылымындағы KPI кәсіпорнының үлесі 2%-ды құрады, бұл ретте импорт 63%-ға жетті. Биылғы екінші тоқсанға қарай арақатынас өзгерді: зауыт үлесі 25 есеге жуық өсіп, 49%-ды құрады, импорт 22%-ға дейін төмендеді. Өткен 6 айда KPI 133 мың тонна өнім өндірді, 2025 жылға арналған жоспар – 507 мың тонна полипропилен. Қазақстандық кәсіпорын өндіріс қуаты жөнінен Өзбекстан өндірісінен 5 есе (100 мың тонна), Түркиядан – 3,5 есе (144 мың тонна), Түрікменстаннан – 3 есе (171 мың тонна), Әзербайжаннан – 2,7 есе (180 мың тонна) алда.

«Ішкі нарыққа өнімді төменгі бағамен өткізуді қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Біздің басты міндетіміз – отандық өндірушілерді қолдау. Сіздердің өнімдеріңіз арқылы шағын және орта кәсіпорындардың одан әрі дамуы маңызды. Сондықтан дайын өнімді бірінші кезекте ішкі нарыққа жөнелту керек, қолда бар артығы экспортқа жіберілуі тиіс. Бұл саясатты қатаң жүргізу қажет, себебі KPI кәсіпорны ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Зауытта шикізат терең өңдеуден өтеді. Құрылыс, медицина, автомобиль жасау, азық-түлік және тоқыма өнеркәсібі салаларында таптырмайтын 10 полипропилен маркасы өндірісі жолға қойылған.

Полипропилен өндіретін кәсіпорынды аралау аясында Үкімет басшысына «Доссор – Атырау» автожолын қайта жаңарту жобасы таныстырылды. Ұзындығы 86 км республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» магистралінің учаскесін 4 жолаққа дейін кеңейту ұсынылып отыр. KPI зауытында шығарылатын полипропилен беріктікті арттыру және жалпы пайдалану сапасын жақсарту үшін жол құрылысында қолданылады. Осылайша, зауыт өнімдерін құрылыс индустриясында да кеңінен қолдану жоспарда бар.